Санат Көшкімбаев: «Қырғызстан Президентінің сапары Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған»

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың сапары Қазақстанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтуға бағытталған. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев осындай пікір білдірді.

Көктемнің басы Қазақстан астанасының саяси күнтізбесіндегі маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. 2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өтуде. Қазақстан Президенті алғашқылардың бірі болып Садыр Жапаровты Қырғызстан басшысы болып сайлануымен құттықтап, елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды, деп еске салды Санат Көшкімбаев.

«Қырғызстан президентінің Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып Қазақстанға сапары Бішкек үшін стратегиялық серіктестік пен Нұр-Сұлтанмен одақтастық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын білдіреді. Сапар аясында жемісті екіжақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстанның Қырғызстанмен жан-жақты ынтымақтастығы қол қойылған 180 құжаттың, оның ішінде 1997 жылғы Мәңгілік достық туралы шарттың және 2003 жылғы Одақтастық қатынастар туралы шарттың негізінде дамуда.

Қазақстан Қырғызстанның тұрақтылығы мен әл-ауқатына, бауырлас мемлекетпен сындарлы диалог пен көпжақты ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі. Шын мәнінде, қырғыз көшбасшысы әділ атап өткендей, біздің елдеріміздің екіжақты күн тәртібінде шешілмейтін мәселелер жоқ», — деп атап өтті сұхбаттасушы.

Қазақстан Қырғызстанның (Қытай және Ресеймен қатар) негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 800 млн АҚШ долларын құрады. Коронакризиске байланысты 2019 жылмен салыстырғанда (856 млн доллар) сауда айналымы біршама төмендеді. Қос ел сауда-экономикалық кооперацияны қалпына келтіріп, өсіргісі келетіні анық, деп атап өтті ҚСЗИ директорының орынбасары.

Қазақстанның Қырғызстанға экспортының негізгі бөлігі металл бұйымдары, тас көмір, өсімдік тектес өнімдер, тұрмыстық техника, ұн, астық, кондитерлік өнімдер болып табылады. Қырғызстан Республикасынан Қазақстанға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, тоқыма өнімдерін, кенді, қыздыру шамдарын, жемістер мен көкөністерді импорттайды. Қазіргі уақытта қырғыз тарапы қазақстандық электр энергиясын импорттау мәселесін қарастыруда. Біздің еліміз көрші елге 1 млрд кВт электр энергиясын экспорттауға дайын, деп нақтылады ол.

«Еліміздің инвестициялық белсенділігін еске салған жөн. Қазақстан 2005 жылдан бастап Қырғызстанға 1 млрд доллар инвестиция салды, атап айтқанда, тау-кен және коммуникация салаларына айтарлықтай салымдар салынды.

Бұдан басқа, Қазақстан мен Қырғызстан өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ортақ мүдделер мен ұқсас ұстанымдарды біріктіреді. Екі мемлекет те Еуразиялық экономикалық одақтың, ШЫҰ-ның мүшесі, АӨСШК процесінің және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тұрақты консультативтік кездесулерінің белсенді қатысушылары болып табылады», — деп жалғастырды Санат Көшкімбаев.

Сонымен қатар, ол қазіргі жағдайда Қазақстан мен Қырғызстанның коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі өзара іс-қимылын нығайту аса маңызды болып табылатынына сенімді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті K.K. Тоқаев Орталық Азия мемлекеттеріне «мұқтаж елдердің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда» гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді. COVID-19-ға қарсы іс-қимылдағы гуманитарлық көмек аясында Қазақстан 2020 жылы Қырғызстанға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 мың тонна ұн, 16 тонна медициналық жүк, оның ішінде 400 мобильдік жасанды желдету аппараттарының жиынтығы және жалпы құны 389 млн теңгенің 2 млн медициналық бетперде жіберді.

«Қырғыз көшбасшысы Садыр Жапаровтың ҚР Президенті ретіндегі ҚР-ға алғашқы мемлекеттік сапары Қырғызстанның Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға бейілділігінің көрсеткіші болып табылады. Жемісті сапардың қорытындысы бойынша қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар бауырлас мемлекеттердің сауда-экономикалық саладағы, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығына жаңа серпін беретіні сөзсіз», — деді ҚЗСИ директорының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, 2 наурызда Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен Нұр-Сұлтанға келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Екі мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады. Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді.

Добавить комментарий