Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы денсаулық сақтау қоймасында қызылша, паротит, қызамық және А гепатитіне қарсы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 1800 доза анықталғанын хабарлады. Бұл вакциналардың жалпы құны 7,8 млн теңгеге бағаланып отыр.
Прокуратураның мәліметінше, Облыстық денсаулық сақтау мекемелеріндегі тексерулер медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұтымсыз пайдалану, жалған екпе қою және ресми құжаттарды бұрмалау сияқты өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.
«Тексеру барысында денсаулық сақтау қоймасында 7,8 млн.теңге сомасында 1,8 мың доза көлемінде қызылша, паротит, қызамық және А гепатитіне қарсы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен вакциналар болғаны анықталды», — деп хабарлады прокуратура.
Прокурорлық тексерулер қызылша мен сібір жарасына қарсы жалған екпенің 70-тен астам фактісін, сондай-ақ қалалық емханалардың бірінің медицина қызметкерлерінің ресми құжатты бұрмалау фактілерін анықтады.
«4 ақпанда прокуратура органдарының материалдары негізінде Петропавл қалалық полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау және өткізу бойынша» сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп атап өтті облыстық прокуратура. Жалпы, анықталған бұзушылықтар медициналық мекемелердің Бюджет кодексінде көзделген заңды негіздемесіз иммунобиологиялық препараттарды сатып алуға өтінімдерді қалыптастыруына байланысты орын алған.