СҚО-дағы ауылдардың бірінде үй құстарын жою туралы шешім шығарылды

СҚО ауылдарының бірінде барлық үй құстарын жою жоспарлануда. Бұл құс тұмауының таралуына байланысты.

АШМ комиссиясы Солтүстік Қазақстан облысы Лебяжье ауылында үй құстарының барлық басын жою туралы бұйрық берді.

Кеше құс тұмауы өршіген елді мекенге ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаев бастаған республикалық комиссия келді.

Комиссия тарапынан эпизоотиялық жағдай зерделеніп, су айдынына мониторинг жүргізілді, ауруды жою ауқымы анықталып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Инфекция ошағын дер кезінде және жедел оқшаулау және жою үшін елді мекеннің периметрі бойынша жерлерді жырту жұмыстары жүргізілді, кіретін және шығатын автокөліктерді дезинфекциялау үшін дезбаръер орнатылды. Эпизоотиялық тізбекті үзу мақсатында ошақтағы құстардың барлық басын жою туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Барлық алынған және жойылған құстың иелеріне өтемақы толық көлемде төленетін болады.

Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 112,2 мың доза отандық препараттар бөлінеді.

«Эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда, инфекцияның облыстың басқа елді мекендеріне таралуына жол бермеу мақсатында вакцинация жүргізу және тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерінің қозғалысына бақылау орнату шаралары қабылдануда», — делінген хабарламада.

21-26 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Лебяжье ауылында 1003 үй құсы қырылды. Сараптама көрсеткендей, құстардың қырылуына құс тұмауы себеп болған. Жеті үйдің құсы өлді.

Добавить комментарий