Қазақстан Президенті Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Иван Турковты қызметінен босату туралы өкім шығарды. Оның орнына Сәтжан Аблалиев тағайындалды.
Бұрынғы орынбасарды «республикалық және жергілікті жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарына бақылауды әлсіреткені үшін» орнынан босатты.
Аблалиев осы тағайындауға дейiн ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлiгiнiң автомобиль жолдары комитетi төрағасының орынбасары болып қызмет еттi.
Сәтжан Аблалиевтің өмірбаяны
Сәтжан Әбіләлиев 51 жаста. Алматы автомобиль-жол институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, Қазақ қатынас жолдары университетін «инженер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған, техника ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экспедициясының Орталық инженерлік-техникалық қызметінің оператор-коллектор қызметінен бастаған. Одан кейін «Көпірлер мен тоннельдер» кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, Қазақ көлік және коммуникация академиясының Көлік құрылысы институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. 2019 жылдың ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Осы саладағы бақылауды әлсіреткені үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Тимуржан Шәкімов пен Нұржауған Қалауов қызметтерінен босатылған.