СҚО-ға қоныс аударғандар өздеріне берілген тұрғын үйдің сапасына қатысты шағымданғаннан кейін екі аудан әкімі қызметінен босатылды.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бұған дейін Тоқаев оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандар үшін СҚО-да салынған тұрғын үй сапасының нашарлығы мәселелерін шешуді тапсырған болатын.
Уәли жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша деректер расталғанын атап өтті. Енді үкімет пен облыс әкімдігі анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарымен айналысуда.
Аталған бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтарға жол бергені үшін Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды. Облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ, бес ауданның әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деп нақтылады Президенттің баспасөз хатшысы.