Риддердің 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды

Риддер ЖЭО-да болған апат салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылусыз қалды.

Қалада «Риддер-ЖЭО» АҚ-да орын алған төтенше жағдай бойынша шұғыл түрде штаб құрылды, деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы 5 қараша күні сағат 20.00-де күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылғанын хабарлады.

«Нәтижесінде салқындатқыштың температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.

Шұғыл түрде менің басшылығыммен апатты жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, «Өскемен жылу желілері» АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады ШҚО әкімі Instagram-дағы парақшасында.

Ахметовтың мәліметі бойынша, ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда.

Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Сондай-ақ, Өскеменнен көмек ретінде «Востоквзрывпром»ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Сонымен қатар, қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді.

Риддер қаласының білім бөлімі басшысының м.а. бұйрығымен 7-11 қарашадан бастап мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту формасына көшеді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады. «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл авариялық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі», — деп мәлімдеді Даниал Ахметов.

Жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Добавить комментарий