Риддер: Өрттен зардап шеккендерге жаңа үйлер салынады

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Риддерде алапат өрт кезінде үйсіз-күйсіз қалған адамдар жаңа баспанамен қамтамасыз етілетінін айтты. Қандай шарттармен берілетіні хабарланбады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен барлық отбасылар жақын арада жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдады», — деді Мамин өңірге жұмыс сапары аясында зардап шеккендермен кездесуде, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

Премьердің айтқан сөздері оның баспасөз қызметінің дүйсенбі күні таратқан хабарламасында келтірілген.

Өрттен зардап шеккен отбасыларға арналған 30 жаңа тұрғын үйдің құрылысы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қарастырылған Үкімет резервінің қаражаты есебінен жаңа «Ботаника үшінші тұрғын үй ауданында» жүргізілуде. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр, ал үй маңындағы жеке учаске көлемі – 10 сотық.

«Үйлердің құрылысын биылғы 15 тамызға қарай аяқтау жоспарланған. Жаңа шағын ауданда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады», — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Риддер қаласында болған өрт салдарын жою үшін 557,5 млн теңге бөлінді.

Хабарланғандай, 10 мамыр күні Риддер қаласының маңында шыққан орман өрті жеті учаскедегі 31 үй мен шаруашылық құрылыстарын, сондай-ақ бес жеңіл автокөлік пен ТҚС ғимаратын жалмаған. Өрттің салдарынан 1948 жылы туған әйел қайтыс болды, екі ер адам зардап шекті.

Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің «Отты абайсызда қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Добавить комментарий