Ресей мұнайын жеткізуге тыйым салынғаннан кейін тура бір жыл өткен соң аталған шикізаттың Еуропалық одаққа импорты едәуір қысқарды. 2023 жылғы ақпан айында импорт көлемі 1,876 млн тоннаны құрады, ал наурызда — 1,445 млн тоннаға дейін төмендеді. Алайда Құрама Штаттар, Норвегия, Алжир, Бразилия, Ангола және Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдер жеткізілімдерді жүзеге асырды.
Еуростат жариялаған есепке сәйкес, ЕО-ға мүше елдер осы түбегейлі өзгерістерге бейімделіп жатқаны және энергия ресурстарының жаңа жеткізушілерін іздеу мәселесімен бетпе-бет келгенін көрсетеді. «Дружба» құбыры арқылы мұнай айдауға қатысты шектеу шарасы енгізілмеді, бұл Орталық Еуропаның кейбір елдерімен, әсіресе ЕО -ның санкцияларды мақұлдауды ұзақ тежеген Мажарстанмен келіспеушілік тудырды.
Наурыз айындағы мәліметтерге сүйенсек, ресейлік мұнайдың басым бөлігі Мажарстанға, Словакияға және Чехияға «Дружба» құбыры арқылы жеткізілген. Соған қарамастан, бұл маршрут арқылы транзитке шектеу енгізілмеді, себебі Брюссель бұл даулы мәселе бойынша шешім қабылдаған жоқ.
Шектеу шараларына қарамастан, Еуростат қарастырған кейбір ерекшеліктер мен шарттардың арқасында Ресейден мұнай импорты тоқтап қалған жоқ.
Ресейдің Украинаға баса көктеп кіруі энергетикалық секторда хаосқа алып келді. ЕО-ға мүше кейбір елдер нарықты тұрақтандыру үшін өздерінің стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға мәжбүр болды. Еуростаттың есебінде 2023 жылдың наурызына қарай стратегиялық қоймалардағы мұнай қоры Болгария, Чехия, Ирландия, Латвия және Литва елдерінің ең төменгі деңгейінен төмен болғанын атап өтті.