Ресейлік оппозиционер Навальный Сахаров атындағы сыйлыққа ұсынылды

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Андрей Сахаров атындағы сыйлыққа ұсынылған адамдардың тізіміне енгізілді.

Бұл туралы «Неміс толқыны» басылымы хабарлады. Қысқа тізімді Еуропарламенттің екі комитетінің төрағалары жариялады. Навальныйдан басқа, сыйлыққа 11 ауғандық әйел және Боливия президентінің міндетін атқарушы Жанин Аньес үміткер.

Сахаров сыйлығын Еуропарламент береді.

«Ой еркіндігі үшін» сыйлығының лауреаты 21 қазанда белгілі болады.

Навальныйдың кандидатурасын Еуропалық парламенттің ең ірі фракциясы — Еуропалық халық партиясы, сондай-ақ депутаттар саны бойынша үшінші «Еуропаның жаңаруы» либералдар фракциясы «бостандық, демократия және адам құқықтары үшін күрестегі ерлігі үшін» деген тұжырыммен ұсынды. Депутаттар Навальныйды Ресей президенті Владимир Путиннің «басты саяси қарсыласы» деп, Навальныйдың жемқорлық пен қуғын-сүргінге қатысты сөйлеген сөздерін атап өтті.

Солшыл күштер — социал-демократтар және «жасылдар» — билікті «Талибан» қозғалысы басып алғанына қарамастан, өз елінде адам құқықтары үшін күресіп жатқан ауған әйелдерін ұсынды.

Андрей Сахаров сыйлығы не үшін беріледі

Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров атындағы «Ой еркіндігі үшін» сыйлығы адам құқықтары мен негізін еркіндікті қорғау ісінде көзге түскен адамдарға немесе ұйымдарға беріледі. Былтыр Беларусь оппозициясының өкілдері аталған сыйлықты алды, ал 2018 жылы Ресейде колонияға тоғытылған тағы бір тұтқын — украиналық режиссер Олег Сенцов алды. Бостандыққа шыққаннан кейін ол Еуропарламентке келіп, депутаттардың алдында жеке сөз сөйледі.

Биыл Навальный Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылған, алайда филиппиндік Мария Ресса мен ресейлік Дмитрий Муратов оның лауреаты болды.

Алексей Навальный Германияда емделіп, қаңтарда Ресейге оралғанда ұсталып, қамауға алынды. Ол Владимир облысында орналасқан колонияда жазасын өтеп жатыр. Навальный жайлы сұраққа Ресей президенті Владимир Путин оның атын атамай, ол жазасын саяси себептермен емес, қылмыстық іс бойынша темір торға тоғытылғанын айтты. Ол алаяқтық жасағаны үшін сотталды, ал саясаткер мен оның серіктестері бұны жалған деп санайды.

Добавить комментарий