Францияда бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықты бей-жай қалдырмаған оқиға орын алды. Ресейлік миллиардер Алексей Кузьмичев Парижде түрлі алаяқтық жасады деген күдікпен тұтқындалды, деп хабарлайды Le Monde газеті.
Ұлттық қаржы прокуратурасы бұл ақпаратты растап, Париждің жетінші округіндегі күдіктінің үйінде және оның Сен-Тропедегі вилласына тінту жүргізілгенін атап өтті.
Le Monde Алексей Кузьмичевті «ең ықпалды ресейліктердің бірі» деп атап, оны Украинадағы оқиғалармен қатысы болғаны үшін Еуропалық одақтың санкциясына ұшырағанын айтты. Ол Франция аумағында болған кезде санкциялық тізімге енген.
Прокуратура ұсынған ақпаратқа сәйкес, Кузьмичевке қатысты салықтық алаяқтық пен санкция бұзу секілді заңбұзушылықтар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Алексей Кузьмичев былтыр 15 наурыздан бастап ЕО-ның санкциясына ұшыраған.
Қазіргі таңда Алексей Кузьмичевтің өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ, әзірге бұл күрделі сот ісінде қандай қадамдар жасалатыны белгісіз болып отыр.