Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы допинг қолданғаны үшін төрт жылға дисквалификацияланды

Мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданғаны үшін төрт жылға дисквалификацияланды, Спорт төрелік соты (CAS) екі жылға жуық созылған тергеуден кейін осындай үкім шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.

Валиева 2021 жылы тапсырған допинг-тесті оң нәтиже көрсеткен, онда жасушалардың энергетикалық метаболизмін қалыпқа келтіретін антиангиналды препарат триметадизин анықталды. Валиева Олимпиада ойындарында командалық жарыста алтын медаль жеңіп алғаннан кейін допинг қолданғаны белгілі болды. Марапаттау рәсімі өткізілмеді.

CAS екі жылға созылған тергеуден кейін Валиеваны төрт жылға дисквалификациялады, 2021 жылдың 25 желтоқсанынан бастап барлық жетістіктерінен айырды.

«Камила Валиеваның 2021 жылғы 25 желтоқсаннан бергі барлық жарыстағы нәтижелері (кез келген титул, наградалары, медальдары, жетістіктері, жүлделері және өнер көрсеткені үшін ақшалай сыйақылары) жойылады», — делінген қорытындыда.

Ресей 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы командалық жарыста жеңген алтынынан айырылады ма деген мәселені Халықаралық конькимен жүгірушілер федерациясы (ISU) қарастырады.

Добавить комментарий