Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағында соғыс қимылдарын бастап, әлемдік тәртіпті бұзып, жауынгерлік риторикасын жалғастыруда. Батыс сарапшылары Ресей әскері «күшін жоғалтқаны соншалықты, ауқымды шабуыл жасай алмайтынын» айтып отыр.
Британдық барлау агенттігінің хабарлауынша, шілде айының басынан бері РФ бірнеше елді мекенді ғана басып алған, ал Украинаның қарулы күштері контршабуылды сәтті жүргізуде.
Ресей президенті орасан зор шығындарға қарамастан қарқынды соғыс қимылдарын жалғастыруға дайын екендігін америкалық сарапшылар да растап отыр. Соғысты зерттеу институтының бағалауынша, Путиннің риторикасы Киевпен бейбіт келіссөздер жүргізуге мүдделі еместігін және соғыстың максималистік мақсаттарын сақтап қалғысы келетінін көрсетеді.
РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев АҚШ-тың Украинаға көрсеткен әскери көмегінен ресейліктер «зардап шегіп отырғанын», бірақ олардың «қиналғаны үшін» кек қайтаратынын мәлімдеді.
Бірқатар БАҚ-тарда Ресей президенті ішінара мобилизация жариялағаннан кейін бір айдың ішінде тек ресми деректер бойынша, Ресейдің 26 азаматы қаза тапқаны, кем дегенде 30 адам соғыс алаңына жетпей қаза болғаны хабарланды.
Британдық барлау қызметінің бағалауына сәйкес, Ресей армиясындағы жемқорлыққа байланысты мобилизацияланғандарды жабдықтауда проблемалар бар. Осылайша, мобилизацияланған ресейліктер броньды кеудешелер мен басқа да әскери жабдықтарды өз қалтасынан ақша шығарып сатып алуға мәжбүр.
Украина тарапының мәлімдемесі бойынша, Украина аумағына келген ресейлік әскерилердің кейбірі азаматтық киіммен жүр. Сондай-ақ, 143 ресейлік колледждің студенттері әскерилер үшін термо іш киім бастап, ұйықтайтын қапшықтар тігіп жатқаны белгілі.
Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, украиндықтардың 86 пайызы Ресей украиналық қалаларды атқылауды тоқтатпаса да, келіссөз жүргізбей, қарулы қақтығысты жалғастыру керек деп санайды.
Украиналық мамандар анонимді түрде Ресей «өз сарбаздарына тиісті түрде медициналық көмек көрсетіп жатқан жоқ» деп мәлімдеді. Жарақат алған сарбаздардың басым бөлігі эвакуацияланғысы келмей, әскери дәрігерлердің рұқсатымен соғыс алаңына қайта аттануда.