Ресейдің федералдық медициналық-биологиялық агенттігі коронавирусқа қарсы антидот әзірлегенін жариялады. Бұл туралы ақпаратпен агенттік басшысы Вероника Скворцова бөлісті.
«Агенттік екі дәрілік препаратты әзірлеп, патенттеді. Екеуі де бірегей, әлемде теңдесі жоқ. Мен айтқым келетін препарат — вирусқа тікелей әсер ететін алғашқы этиотроптық препарат. Іс жүзінде бұл коронавирустық инфекцияға қарсы антидот», — деді Скворцова елдің премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуінде.
Оның айтуынша, клиникаға дейінгі зерттеулер адамның организмі мен иммунитетіне әсер етпеуіне байланысты бұл препараттың толық қауіпсіздігін, сондай-ақ жоғары тиімділігін (99% -дан астам) көрсетті.
Іс жүзінде клиникалық сынақтар сәтті болған жағдайда Ресейде әлем бойынша алғашқы коронавирусқа қарсы дәрі пайда болуы мүмкін.
«Қазіргі таңда клиникалық зерттеулерге рұқсат алу үшін құжаттар жинағы дайындалды. Біз оны жаңа жылға дейін жасап үлгереміз деп үміттенеміз. Егер клиникалық зерттеулер аталған препараттың тиімділігін растайтын болса, бұл әлемде әзірге теңдесі жоқ алғашқы қауіпсіз, тиімді, тікелей әсер ететін вирусқа қарсы препарат болады», — деп атап өтті ФМБА басшысы.
Екінші препарат коронавирустық инфекцияның ең күрделі түрлері кезінде цитокин реакциясын басады (цитокин дауылы — иммундық жүйенің гипертрофияланған реакциясы, ол өлімге әкелуі мүмкін). Ол клиникалық зерттеулерден өтті және тіркеудің соңғы сатысында тұр.
Агенттік сондай-ақ COVID-19-ға қарсы рекомбинантты вакцина әзірлеуде. Скворцова түсіндіріп өткендей, ол антидене түзу арқылы емес, жасушалық иммунитет арқылы әрекет етеді.
«Клиникаға дейінгі зерттеулер кезеңінде біз тиімді жұмыс істейтін рецептура алдық. Қазір біз үшін ең жауапты кезең», — деді Скворцова.
Бұдан басқа ФМБА ПТР-диагностика үшін тіркелген үш тест-жүйе мен коронавирусқа қарсы плазманы дайындау әдіснамасын жасады.
«Біз Ресейге коронавирусқа қарсы плазма дайындауды үйлестіретін бірыңғай орталық құрдық. Қазірдің өзінде 58 өңір бұл үдеріске бірыңғай әдіснама негізінде қатысуда. 86 қан құю станциясы коронавирусқа қарсы плазманы дайындайды. Біз 13,5 мың литр дайындадық», — деді ФМБА басшысы.
21 желтоқсанда ресейлік «Спутник V» коронавирусқа қарсы вакцинасы алғашқы шетелдік тіркеу куәлігін алды. Қазақстанда «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастады. Фармацевтикалық кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн доза препарат өндірілетін болады. ҚР-да коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау 2021 жылдың ақпан айында басталады.