Ресей Запорожье және Херсон облыстарын тәуелсіз республикалар деп таныды

Ресей референдум қорытындысы бойынша Запорожье және Херсон республикаларын тәуелсіз деп мойындайтынын жариялады.

Бүгін, 30 қыркүйекте Ресейдің құрамына қосу туралы құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Запорожье және Херсон облыстарын тәуелсіз аумақтар деп тану туралы жарлыққа қол қойды, деп жазады «Коммерсант».

Екі жарлықта да облыстардың тәуелсіздігін мойындау туралы шешім «халықаралық құқықтың жалпылай қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес», сондай-ақ «БҰҰ жарғысында бекітілген халықтардың тең құқылығы мен өзін-өзі билеу» қағидатына сәйкес қабылданғаны айтылған. Екі жарлық да жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Владимир Путин 22 ақпанда Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындады. 23-27 қыркүйек аралығында ДХР мен ЛХР-да, сондай-ақ Ресей әскерилерінің бақылауындағы Запорожье және Херсон облыстарында Ресейдің құрамына қосу бойынша референдумдар өтті.

Жергілікті сайлау комиссияларының мәліметінше, ДХР-да референдумға қатысушылардың 99,23%-ы, ЛХР-да — 98%-ы, Херсон облысында — 87%-ы, Запорожье облысында — 93%-ы РФ-ға қосылуды жақтап дауыс берді.

Добавить комментарий