Украина Қарулы Күштері 17 қазанға қараған түні Луганск пен Бердянск маңындағы аэродромдарға шабуыл жасады. Түрлі деректер бойынша шабуыл салдарынан Ресей әскерінің бірнеше ұшақтары мен тікұшақтары, арнайы техника, оқ-дәрілері сақталған қойма жойылып, бүлінді. Сондай-ақ украиналық тарап ондаған ресейлік әскерилер қаза тапқанын мәлімдеді. Кейін УҚК Пентагон жасырын түрде берген алысқа қашықтыққа ұшатын ATACMS баллистикалық зымырандардың көмегімен соққы бергені белгілі болды. Украина армиясы дәл осы ATACMS зымырандарын пайдаланғанын Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Айта кету керек, бұл соққылар Ресей тарапы үшін күтпеген жайт болды.
Осылайша, соғыс жаңа деңгейге өтті деп айтсақ болады. Бұл деңгей Ресей үшін тиімді емес.
Біріншіден, Киевке қару-жарақтың жаңа түрі жеткізілді. Мұндай модификацияланған алыс қашықтыққа ұшатын (165 шақырым) зымырандар Украина армиясының қару-жарағында болмаған. Екіншіден, Украинаның батыс одақтастары схеманы өзгерткен секілді, енді Украинаға не жеткізілгені және қандай мөлшерде екені жария түрде хабарланбайтын болады. Осылайша, бұрын Кремль бірнеше айдан кейін Украинаның қару-жарағында қандай қару-жарақ пайда болатынын білсе, енді бұл тосынсый болады. Айта кетейік, соғыс алаңында Ұлыбритания Украинаға берген Storm Shadow зымырандары қолданыла бастады, оның жеткізілгенін батыстық одақтастары мен Киев жариялаған жоқ. Үшіншіден, жеткізілім ATACMS зымырандарымен тоқтап қалмайды. Жақын арада Украина Қарулы Күштерінде алыс қашықтыққа ұшатын Taurus зымырандары пайда болады. Айта кету керек, Германия аталған зымырандарды жеткізуге ниетті емес, деп мәлімдеді канцлер Олаф Шольц. Дегенмен кең ауқымды соғыс басталғалы Украинаның батыс одақтастары алдымен Киевке қару-жарақ жеткізгісі келмейтінін мәлімдеп, артынан қажетті мөлшерде жеткізеді. Мәселен, келер жылы УҚК-ға F-16 жойғыш ұшақтары жеткізілетінін бәрі біледі, алайда әуед баста Батыс мұндай мүмкіндікті қарастырудан үзілді-кесілді бас тартқан. Сондай-ақ, жоғарыда атап өтілгендей, Taurus жеткізілімі ATACMS және Storm Shadow зымырандары сияқты жарияланбауы мүмкін. Төртіншіден, Батыс тағы бір «қызыл сызықтан» өтті. Батыс Украинаға қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға ниетті емес. Жақын арада Киевке радиусы 300 шақырымға ұшатын зымырандар жіберілуі әбден мүмкін.
Ресей Президенті Украинаға ATACMS зымырандарының жеткізілуіне қатысты бірден пікір білдіріп, оны «АҚШ-тың қателігі» деп атады. Аталған зымырандар Ресейге тікұшақтары мен ұшақтарын басқа жақтағы аэродромдарға орналастыруға мәжбүр етеді. Бұл Ресей әскерінің қорғаныс қабілетіне де, шабуылдау операциясын жүргізуге кері әсерін тигізеді. Бұл ретте оқ-дәрілер сақталған қоймаларды одан әрі тылға орналастыруға тура келеді, бұл логистиканы едәуір қиындатады.