ГФР СІМ басшысы Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілдігін жабу туралы шешімі Батыспен арадағы қарым-қатынасына сызат түсіретінін мәлімдеді.
Бұл ретте Хайко Маас Германия НАТО шеңберінде РФ-мен диалог жорнатуға тырысқанын мәлімдеді.
«Бұл онсыз да күрделі болып тұрған жағдайды шиеленістіреді. Германия НАТО шеңберінде Ресеймен диалог орнатуға тырысты», — деп Reuters агенттігі оның сөзін келтіреді. Маас Мәскеудің қабылдаған шешіміне байланысты өкініш білдірді. «Бұл арадағы қарым-қатынасқа айтарлықтай зиян келтіреді», — деп мәлімдеді Хайко Маас дүйсенбі күні Люксембургте ЕО Кеңесінің сыртқы істер министрлері деңгейіндегі жоспарлы отырысынан кейін.
РФ СІМ басшысы Сергей Лавров дүйсенбі күні Ресей Солтүстік Атлант альянсының сегіз қызметкерін аккредитациядан айыру туралы шешімнен кейін өзінің НАТО жанындағы Тұрақты өкілдігінің жұмысын қараша айының басынан бастап тоқтата тұрғанын хабарлады. Бұдан басқа, ұйымның Мәскеудегі әскери байланыс миссиясы мен ақпараттық бюросының қызметі тоқтатылатын болады.
6 қазанда НАТО альянсындағы Ресей миссиясының саны 20-дан 10 адамға дейін қысқартылғанын жариялады, сегіз дипломатты аккредитациядан айырды, тағы екі қызметкердің орны қысқартылды. Ұйым ресейлік дипломаттарға Брюссельден кету үшін қазан айының соңына дейін уақыт берді.