Ресей коронавирустың екінші вакцинасын патенттеді

Ресей коронавирустық инфекцияға қарсы екінші вакцинаға патент алғандығын мәлімдеді. Атап айтқанда, Федералдық өнеркәсіптік меншік институты «Вектор» вирусология және биотехнология ғылыми орталығына COVID-19 қарсы «ЭпиВакКорона» вакцинасына патент берді.

Препаратты синтетикалық пептидтік агенттер негізінде әзірледі. Ол патогенге иммундық реакция туғызады және одан әрі SARS-CoV-2 коронавирусына иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Бұған дейін Роспотребнадзор басшысы Анна Попова «ЭпиВакКорона» вакцинасының клиникалық сынағы аяқталғанын айтқан болатын. Тестілеудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша препарат өзінің қауіпсіздігін дәлелдеді. Роспотребнадзор жанындағы «Вектор» орталығының зоонозды инфекциялар мен тұмау бөлімінің меңгерушісі Александр Рыжиков вакцина өмір бойына COVID-19 иммунитет бермесе де, кем дегенде жарты жылға жұқтырудан қорғайтынын айтты.

Өткен аптада Денсаулық сақтау министрлігі «ЭпиВакКоронаны» тіркеуге кірісті. Процесті 15 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда. Бұдан кейін вакцинаны клиникалық сынау жалғасады. «ЭпиВакКоронаны» «Вектор» орталығының алаңында шығарады, азаматтық айналымға оның екі нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр.

 

Добавить комментарий