Дүйсенбі күні РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Батыстың реакциясы Ресейдің Беларуське тактикалық ядролық қаруды орналастыру жоспарына әсер етпейтінін мәлімдеді.
Мұндай қаруды Беларусьта орналастыру жоспарына қатысты Батыс елдерінің сынына жауап ретінде Песков Ресей президенті сенбі күні берген сұхбатында өзінің ұстанымына түсінік беріп, оған ештеңе алып-қоспағанын айтты.
Бұған дейін Владимир Путин Мәскеу мен Минск халықаралық міндеттемелерді бұзбай, Беларуське тактикалық ядролық қаруды орналастыруға және қойманың құрылысын 1 шілдеге дейін аяқтауға келіскенін хабарлады.
Алайда, Путин Ресей Беларуське өз ядролық қаруын бермейтінін, ондаған жылдар бойы АҚШ-тың жасап келген тәжірибені қолданатынын атап өтті. Бұған дейін Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізген НАТО елдеріне наразылық нотасын жіберген болатын, ал елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға жеткізілетін қару-жарақ тиелген кез келген жүк Ресей армиясының нысанына ілігетінін айтқан.