12 шілде күні кешкісін әлеуметтік желіде әскери ортада Запорожьедегі соғыс алаңында жетістіктерімен танымал болған РФ ҚК генерал-майоры Иван Поповтың аудиожазбасы жарияланды. Аудиожазбада әскери қызметкер «шындықты айтқаны» үшін қызметінен шеттетілгенін айтып, армиядағы және майдандағы проблемалар туралы басшылыққа жеткізген. Айта кетейік, Иван Попов РФ ҚК Оңтүстік әскери округінің 58-ші жалпыәскери әскерінің қолбасшысы.
РФ 58-ші жалпыәскери әскерінің бұрынғы қолбасшысы ротацияның жоғын, контрбатареялық күрестің жетіспеушілігі, артиллериялық барлау станцияларының жоғын, сарбаздардың жаппай қырылуы және жарақат алғаны секілді проблемалар туралы мәлімдеді.
Айта кету керек, Попов жаңалық ашпады. Ол соңғы 6 ай бойы барлық эксперттер мен сарапшылар талқылап жатқан проблемаларды айтты. Бұған дейін «Вагнер» ЖӘК жетекшісі Евгений Пригожин дәл осы проблемалар туралы жария түрде мәлімдеген еді.
«Ротацияның болмауы Ресей армиясының ең үлкен проблемаларының бірі. Жеке құрамның тапшылығына байланысты бүкіл әскери бөлімшелер демалысқа немесе қайта даярлау тұрмақ, тіпті жекелеген сарбаздар отпускке шыға алмай отыр. Осылайша, ресейлік сарбаз үшін майданға жіберу, шын мәнінде, бір ұштағы жол. Сені қатты жарақаттаған жағдайда ғана тірі қайтуға болады, әрі қарай қызмет етуге жарамсыз екенсің. Қолда бар адамдардың барлығы Путинге тікелей майданда керек «, — деп жазады украиналық сарапшылар.
Олар Ұлыбританияның барлау мәлімдемелеріне сілтеме жасап, Ресей Украина Қарулы Күштерінің қарымта шабуылын тежеу үшін елдің түкпір-түкпірінен әскери құрамаларды тартқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Украина тарапының мәлімдемесі бойынша ресейліктер Лиман — Купянск бағыты бойынша 100 мыңнан астам сарбаз жинады. «РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу күн сайын РФ Қарулы Күштерінің полкі әскерилермен толығып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен осы полктердің қайда екені, қай жаққа бара жатқаны, қай жерде жаттығып жатқаны және олардың есебінен неліктен ротация жасалмай отырғаны әлі күнге дейін белгісіз. Егер РФ Қорғаныс министрі мәлімдегені рас болса, әскери қолбасшылық жеке құрамды әджеқашан ротациялаушы еді», — деп мәлімдейді сарапшылар.
Олар сондай-ақ РФ армиясындағы тапшылықты айтып отыр. «Бірінші кезекте оқ-дәрі тапшылығы. РФ әскері «тиімді» соғысып жатқаны соншалық, үнемі одақтастар мен қажетті қару-жарақ жеткізушілерді іздеуге мәжбүр болады. Мәселен, Иран РФ-ға снарядтар жеткізіп отырған одақтастардың бірі. Сондай-ақ, соңғы кездері Ресей армиясында жаяу әскерлердің аман қалуы үшін өте маңызды болып табылатын контрбатарелық күрес құралдары жетіспейді. РФ армиясы өте көп шығынға ұшырауда. — күн сайын жүздеген адам жер жастануда», — дейді саясаттанушылар.
Олар генерал-майор соғыс басталғалы бері ешқандай пікір білдірмей, ал енді жария түрде сыни пікір айтуы кездейсоқтық емес деп есептейді. «Ол РФ әскері Киевтен, Харьков облысы мен Херсоннан кері шегінгеннен кейін де ауызына құм құйылғанадай ләм-мим демеді, тіпті оны сарбаздарға немқұрайлы қарағаны да қызықтырмады. Соғыс басталғалы бір жарым жылдан кейін ғана ол баршаға мәлім проблемаларды айтып отыр. Бұл Ресей армиясында өте маңызды проблема — әскердің рухы түскенін және бірліктің жоқтығын көрсетеді. Бұл мәселе одан әрі ушығатын болады, себебі Иван Попов осындай көзқарастағы жалғыз жоғары лауазымды әскери қызметкер екені мүмкін емес», — деп мәлімдеді саясаттанушылар.