Реанимобильдер және мобильді емханалар: Жамбыл облысында материалдық-техникалық база жаңартылуда

Жамбыл облысының медициналық мекемелеріне 26 арнайы техника берілді. Оның ішінде 18 реанимобиль және 8 мобильді емхана бар.

Бүгін салтанатты жағдайда өңір басшысы Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне алдыңғы қатарлы жабдықтармен жабдықталған жаңа автокөліктердің кілттерін табыстады.

Сегіз аудандық аурухананың балансына отандық автобустар базасында жабдықталған мобильді медициналық диагностикалық кешендер берілді. Сондай-ақ, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі «Hyundai» маркалы 18 реанимобильмен толықты.

Денсаулық сақтау саласын жаңғырту Мемлекет басшысы саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін барлық ресурстар тартылуы тиіс. Медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен жабдықталады, төсек қоры мен инфрақұрылым жаңартылып, дәрігерлердің жалақысы көтерілуде. Біздің облыста денсаулық сақтау саласына 5 миллиард теңгеге жуық қаржы салынды. Қазір коронавирустың екінші толқынына күшейтілген дайындық жүріп жатыр, екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды, 2530 төсек-орын дайындалды, құрал-жабдықтар сатып алынуда. Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетімен кадрлар даярлау бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде, — деп атап өтті, Сапарбаев медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.

Ол жаңа техника дәрігерлердің пациенттерге келуін жеделдетуге, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Мобильді медициналық кешендерде жалпы қабылдау, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика кабинеттері, жалпы практика дәрігері аймағы, талдау қабылдау аймағы, дәріхана пункті, сараптамалық класстың портативті УЗИ бар, айналасындағыларға қауіпсіз рентген және флюорография жасауға болады. Мүгедектігі бар адамдарға арналған пандус-лифт жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындарына тар бейінді мамандар қызмет көрсететін болады. Оларға «Таза жүрек» акциясы аясында жұмылдырылған ерікті дәрігерлер көмектеседі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бұған дейін мобильді медициналық диагностикалық кешендерді облыстың үш ауданы алғанын атап өтті. Бүгін кешендер қалған аудандық ауруханаларға бет алды. Енді барлық он аудан мен облыс орталығы жылжымалы кешендермен қамтамасыз етілген.

Тағы 48 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Жедел жәрдем көліктері мен жылжымалы медициналық кешендер дәрігерлерге шалғай ауылдарға жетуге көмектеседі, — деді Әсет Қалиев.

Өңірдің бас дәрігері коронавируспен күреске төрт мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылғанын айтты.

Тәуекел аймағында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне ай сайын үстемеақы есептеледі. Төлемдер Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Коронавируспен ауырған 275 медицина қызметкері 2 миллион теңге көлемінде төлем алды. Олар эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылды. Қаза тапқан 20 медицина қызметкерінің отбасы 10 миллион теңгеден алды, — деп атап өтті Әсет Қалиев.

Салтанатты шара барысында 12 жамбылдық медицина қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Өз кезегінде медицина қызметкерлері жан-жақты қолдағаны үшін алғыстарын білдірді. Дәрігерлер осындай кешендердің арқасында облыс тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын жақсарта отырып, ауыл тұрғындарына сапалы көмек көрсете алатынын атап өтті.

Добавить комментарий