Қазақстан СІМ еуропалық саясаткерлердің қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады деп мәлімдеді. Еліміздің бас дипломатиялық ведомствосы Еуропалық Парламенттің Қазақстандағы ахуал бойынша қабылдаған қарарына жауап берді.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады», — делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомства өкілі ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау «қисынсыз » деп атады.
Олар қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық Парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамағанын атап өтті. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлайды.
Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді.
«Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді», — деп атап өтті сыртқы саясат ведомства.
«Еуропалық Парламенттің аталған қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді», — делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Еуропарламент депутаттары жақында болған наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жағдайына қатысты қарар қабылдаған. Еуропарламенттің қарарлары декларативтік сипатта және орындалуы міндетті емес, алайда ЕО институттары мен еуропалық елдер оларды назарға алады. Қарарда халықаралық тергеуге бастамашылық жасауға, сондай-ақ адам құқықтарының өрескел бұзылуына байланысты ЕО режимі аясында қазақстандық шенеуніктерге санкциялар салуға шақырылған.