ҚР СІМ басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Премьер-Министрдің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Бас хатшысының азырақ дамыған және теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер мен шағын арал дамушы мемлекеттері бойынша жоғары өкілі Фекитамоелоа Катоа Утойкаманумен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы азырақ дамыған елдердің дамуына қолдау бойынша, оның ішінде 2020-2021 жылдарға арналған Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) тобына біздің еліміздің жаһандық төрағалығы шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Ф.Утоикаману еліміздің топтағы төрағалығын жоғары бағалап, өткен жылы «Қазақстан ТШЖДЕ тобының беделін және халықаралық қоғамдастықтың осындай азырақ дамыған елдер туралы жалпы хабардарлығын айтарлықтай арттыра білді» деп атап өтіп, қазақстандық төрағалыққа барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Мұхтар Тілеуберді Қазақстан барлық тиісті алаңдарда топ елдерінің мүдделерін қорғауды, сүйемелдеуді жалғастыратынын атап өтті және 2021 жылы төрағалық етудің негізгі басымдықтарын таныстырды.

COVID-19 осы азырақ дамыған елдердің тобына мүмкіндігінше көп әсер еткендігін ескере отырып, сұхбаттасушылар ТШЖДЕ елдерінің дамуы саласындағы нақты жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық әріптестер мен донорларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, бірінші кезекте, әлемдік нарықтардан алшақтықпен және транзиттік елдерге тәуелділікпен байланысты ТШЖДЕ проблемаларын шешуде ілгерілеуді жеделдету жөніндегі Жол картасын іске асыруға ерекше мән беріледі. Қазақстан төрағалығының бастамасымен 2020 жылғы қыркүйекте қабылданған құжат 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған ТШЖДЕ қолдау жөніндегі жобаларды жеделдетіп іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Анықтама ретінде: Теңізге шығар жолы жоқ азырақ дамыған және дамушы елдер тобына жарты миллиардтан астам халқы бар 32 мемлекет кіреді. Қазақстан –аумағы жағынан ең үлкен және әлемдік мұхиттан ең алыс орналасқан (3000 км-ден астам) теңізге шығар жолы жоқ мемлекет.

Добавить комментарий