Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі кеңейтілді. Оның құзыретіне енді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды, өзге де елді мекендерді қайта құру туралы шешімдер қабылдау кіретін болады.
Сенат Қазақстан Президентіне жаңа өкілеттік беретін «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға түзетулер қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Заң жобасында мынандай түзетулер ұсынылды:
- қаладағы аудандарды елді мекендердің құрамдас бөліктеріне енгізу;
- облыстық маңызы бар қалада, республикалық маңызы бар қалада, астанада 400 мыңнан астам тұрғыны бар елді-мекенді аудан ретінде құру;
- аудандық маңызы бар қаланың, кенттің және ауылдың өлшемдерін нақтылау;
- Үкіметтің ұсынысы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірлерін ескере отырып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекен ретінде қайта құру жөнінде шешім қабылдауға Президентке өкілеттік беру;
- республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды басқа елді-мекен ретінде құру туралы ұсынысты Президентке енгізу үшін Үкіметке жаңа құзырет беру;
- аудандық маңызы бар қаланы ауыл санатына жатқызу туралы аудандық өкілдікке және атқарушы органдарға ұсыныстар енгізу құқығын аудандық маңызы бар қала әкіміне жүктеу.
Заң жобасы өкілді және атқарушы органдарға Үкіметке қалалар санатын кенттер мен ауылдарға қайта қарау бойынша ұсыныстар енгізу бойынша өкілеттіктер беруді көздейді.
Бұл құжат Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Құжат алдағы уақытта елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп үміттенеміз, — деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенаттың тұрақты комитеттерінде аталған заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ. Нәтижесінде Сенат депутаттары бірауыздан «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға түзетулер қабылдады.