ҚР Президенті Түркі заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынды.

Аталған ұсыныс Ыстанбұлда өткен ТМЫК-ның VIII саммиті барысында айтылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет екенін мәлімдеді.

Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді, — деп ұсынды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ Astana Hub технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар екенін, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылатынын атап өтті.

Форумға Қазақстан президенті, Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Сапар Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан саммитке бақылаушы елдердің басшылары ретінде шақырылды.

Добавить комментарий