ҚР Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қамтамасыз етуге бағытталған кеңес аясында Қазақстан Президенті уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «follow the money» қағидатының әлеуетіне тоқталып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттің алдын алуға септігін тигізуі тиіс деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Агенттік бұл жұмысты қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп ұйымдастыруы қажет.

«Менің тапсырмам бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын», — деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы қоғам, бизнес және инвесторлар өздерін сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуі қажеттігін атап өтіп, жаңа төраға Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін, сондай-ақ белсенді азаматтардың құқықтық бақылау құралдарын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейтін «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады.

Добавить комментарий