
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әмір Тамим бен Хамад Әл Танидің жеке шақыруымен Катарға сапармен барды.
Мемлекет басшысы «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу» атты Катар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты.
Ақорданың сайтында хабарлағандай, аталған маңызды іс-шара «Bloomberg» агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды және шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр.
Форум «Мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесі» тақырыбына арналған.
Форум жұмысына Мемлекет басшысынан бөлек Того Президенті Фор Гнассингбе, Намибия Президенті Хаге Гейнгоб, Грузияның Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар министрі мен үкіметтерінің лауазымды тұлғалары қатысады.
Форумды Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни ашты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сессияға қатысады деп жоспарланған. Оны «Bloomberg Television» жүргізушісі Манус Крэнни жүргізеді.
Қатар экономикалық форумының қорытындысы бойынша жаһандық өсімнің келесі кезеңінің жоспары әзірленіп, пандемиядан кейінгі әлемді қалыптастыру үшін нақты шешімдер ұсыну көзделіп отыр.