ҚР Президенті Ердоғанға көңіл айтты

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев елдің оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.Еске сала кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Сириямен шекараға жақын орналасқан аумақта 7,8 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтер бойынша, 500-ден астам адам қаза тапқан. Үйінділердің астында қанша адам жатқаны белгісіз.

АҚШ геологиялық қызметінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де жер сілкінісі 17,9 шақырым тереңдікте, Газиантеп маңында — 1 млн-нан астам халқы бар қалаларда болған.

Түркия вице-президенті Фуат Октай Түркияда қаза тапқандар саны 284 адамға дейін өскенін мәлімдеді.

Сирияда 230-дан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды мемлекеттік БАҚ. Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларында жер сілкінісі салдарынан құрбандар бар деп мәлімдеді.

Қаза тапқандар саны таяу сағаттарда күрт артады деген қауіп бар. Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу Газиантеп, Кахраманмараш, Хатай, Османия, Адыяман, Малатья, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис сияқты 10 қала зардап шеккенін мәлімдеді.

 

Добавить комментарий