ҚР Президенті цифрландыруға жауаптылардың жұмысын сынға алды

Президент Тоқаев өкілеттік берілген және Қазақстанды цифрландыруға жауапты вице-министрлерді қатаң сынға алды.

Президент елдегі интернет пен байланыстың сапасына көңілі толмайтынын айтты. Бұл туралы ол жыл сайынғы Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында айтты.

Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының айтуынша, олардың басты міндеті –күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Осыған байланысты Президент жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамына баға беруді тапсырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты.

«Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?», — деп анықтауды тапсырды ол.

Цифр көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын қысқартуы тиіс

Мемлекет басшысы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңыздылығына назар аударды.

«Міндет – қызметтерді офлайн режимнен онлайн режимге ауыстыру ғана болмауы керек. «Цифр» көрсетілетін мемлекеттік қызметтің және оған қатысты сұранымдардың, жауаптардың, келісімдердің санын қысқартуға тиіс. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер кешенді және сапалы болуға тиіс. Мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясын бюрократиямен, сыбайлас жемқорлықпен және тиімсіздікпен күрес құралы ретінде қарастырған жөн», — деп есептейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметке тексеріс жүргізіп, олардың цифрлық тұрғыдан оңтайландырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы іс жүзінде ең түйткілді деген екі саланы – құрылыс пен жер қатынастарын ерекше атап өтті.

Президент қағаз құжаттардан цифрлық форматқа кезең-кезеңмен көшу қажеттігін атап өтті

Мемлекет басшысы құрылыс саласындағы жағдай туралы айта келе, техникалық-экономикалық негіздемелерді, жобалық-сметалық құжаттарды және мемлекеттік сараптаманы әзірлеу кезінде қағаз құжаттардан цифрлық форматқа кезең-кезеңмен көшу қажеттігі туралы мәлімдеді.

«BIM технологияларын қолдану мәселесін қазіргі нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстың орындалу мерзімін айтарлықтай қысқартады, осы саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтады, сондай-ақ құрылыс құнын төмендетеді. Үкіметке аталған саланы Цифрлық кеңсе жұмысындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындауды тапсырамын», — деді ол.

Президенттің пікірінше, жер саласын цифрландыру ісі жер бөлу және жер алу кезегінің ашықтығын шешуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес үшін жер учаскелерін таңдау және бөлу мәселесін толық цифрландыруды, жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмыстарын жеделдетуді және осы ақпараттық жүйені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей іске қосуды тапсырды.

Добавить комментарий