Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров кездесті.
Сыртқы саяси ведомство басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтанға келді.
Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, атап айтқанда сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды.
Сонымен қатар өңірлік күн тәртібі, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы халықаралық күшті жұмылдыру мәселелері сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапынан осы елге көрсетіліп отырған гуманитарлық көмек шаралары туралы айтты.