Қазақстанда Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко екі күндік ресми сапармен жүр. Бүгін ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенконың біздің елмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға қосқан жеке үлесін, сондай-ақ оның ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің төрағасы қызметіндегі жемісті еңбегін жоғары бағалады.
«Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл әсіресе, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Ресейдің халықаралық аренадағы орнын нығайту ісіндегі Владимир Путиннің саяси бағытының маңызды рөлін атап өтті.
«Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Валентина Матвиенко Мемлекет басшысына Владимир Путиннің сәлемін жолдап, қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларын нақтылағанын атап өтті.
«Кезінде Владимир Путин Нұр-Сұлтан қаласын қазіргі заманның ғажайыбы деген еді. Шын мәнінде, қала көз алдымызда көркейіп келеді. 6 шілдеде қала күнін атап өтетіндеріңізді білемін. Сізді және Нұр-Сұлтан қаласының барша тұрғынын келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын», — деді ол.
Сондай-ақ бүгін ҚР Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 16-шы отырысы өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Валентина Матвиенко Қазақстанды посткеңестік кеңістікте дамыған нарықтық экономикасы, тұрақты мемлекеттік институттары, демократиялық басқару жүйесі және қос Палаталы Парламенті бар тиімді мемлекеттердің бірі деп атады.
«Бүгінге дейін біздің елдеріміз арасында 400-ден астам шарттар мен келісімдерге қол қойылған. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың мызғымас заңды және құқықтық негізі екені сөзсіз. Осы жұмыстарға елдеріміздің Парламенттері де үлкен үлес қосты. Мұндай құжаттардың басты бағыттары мемлекеттілікті, егемендікті, тәуелсіздікті, елдеріміздің аумақтық тұтастығын өзара мойындауда және бір-бірінің ішкі істеріне араласпауда көрініс табады. Бұл ешқандай саяси жағдайға қарамастан өзгеріске ұшырамайтын ең негізгі іргетас болып қала береді», — деді Валентина Матвиенко.
Екі елдің сенаторлары екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің аэроғарыш саласындағы ынтымақтастығын дамыту және «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану перспективаларын, Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру мәселелерін қарады, трансшекаралық өзендердің экологиялық проблемаларын талқылады.