ҚР Премьер-Министрі Ресей Үкіметінің төрағасымен келіссөздер өткізді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі жұмыс сапары аясында Ресей тарапымен ынтымақтастық туралы бірқатар мәселелер қозғалды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен, сондай-ақ Ресейдің орталық мемлекеттік органдарының, мемлекеттік корпорациялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен келіссөздер өткізді.

Үкімет басшылары сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика және ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру мәселелерін, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация аясындағы жобаларды талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен іс-шараларға ерекше назар аударылды. «Спутник V» ресейлік вакцинасының 4 млн дозасын Қазақстанға қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Вирустың таралуын жеңу үшін біздің елдеріміздің күш-жігерін, оның ішінде халықты жаппай вакцинациялау мәселелерінде үйлестірудің жоғары деңгейі қажет», — деді А. Мамин.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың екінші жартысында Көкшетау қаласында өтетін «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелері қаралды.

ҚР мен РФ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлеу және қол қою бойынша жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ресей — Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі. 2020 жылы тауар айналымы $18,2 млрд құрады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1%-ын құрайды.

РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриевпен кездесуде өңдеу өнеркәсібіндегі (фармацевтика, машина жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі және т.б.) бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ екіжақты форматта және ЕАЭО шеңберінде сауданы кеңейту талқыланды.

«Росгеология» басқарма төрағасы Сергей Горькиймен екі елдің геология саласындағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды.

«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесуде ғарыш саласындағы ынтымақтастық жобалары қаралды.

Сапарға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы — АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев және т. б. қатысты.

Добавить комментарий