Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин экономикаға жүргізілген мониторинг қорытындысын жариялады. Атап айтқанда, ол коронавирустық инфекция салдарынан туындаған дағдарыстан кейін еліміз белсенді түрде қалпына келіп жатыр деп хабарлады.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
«Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр. 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6%-ды құрады, экономиканың барлық саласында оң өсім байқалады. Өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Оның ішінде машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғары өсімді көрсетті», — деді Асқар Мамин.
Министрлер кабинетінің айтуынша, Moody’s, S&P және Fitch Ratings жетекші рейтингтік агенттіктері ұлттық экономиканың тұрақты екенін және Қазақстанның рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде екенін растады.
МакКензи жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстан экономика динамикасының тұрақтылық деңгейі бойынша 56 елдің ішінде 7-ші орында тұр.