Көрші елдер Қазақстан мен Өзбекстанның Премьер-Министрлері сауда-экономикалық, туристік және ғарыш салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Асқар Мамин мен Абдулла Арипов келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты.
Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.
«Орталық Азия» ХСЭЫО «Жібек Жолы» (ҚР) және «Гишт Куприк» (ӨР) өткізу пункті ауданында орналасатын болады. Орталықтың жалпы аумағы – 400 га, өткізу мүмкіндігі 35 мың адамды және екі бағытта тәулігіне 5 мың жүк көлігін құрайды. Орталық Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаңға айналуға арналған. Өнеркәсіптік кооперацияның неғұрлым перспективалы бағыттары өңдеу секторы, АӨК және жеңіл өнеркәсіп болып отыр.
«Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері өзара сауда-саттық деңгейін $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті бойынша жұмыс істеуде. Бүгін іске қосылатын жоба осы мақсатқа қол жеткізуге қызмет етеді және екі мемлекеттің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады», — деді А. Мамин.
Қазақстан тарапы Өзбекстанның Сухандария және Ферғана облыстарында үш көтерме-тарату орталығын ашу арқылы ҚР мен ӨР арасында бірыңғай тауар өткізу жүйесін құруға қызығушылық білдірді, оның жалпы инвестиция көлемі $22,5 млн және ауыстырып тиеу қуаты жылына 67 мың тоннаны құрайтын болады.
Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне барды. 2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы желтоқсан аралығында жүргізілген реконструкциядан кейін оның құрылыс алаңы 2 есе 6 га дейін, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 6-дан 16-ға дейін ұлғайды, заманауи инспекциялық-тексеріп қарау кешендері орнатылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде пункттің өткізу мүмкіндігі екі бағытта тәулігіне 150-ден 1 мың автомобильге дейін, 6 еседен астамға өсті, өту уақыты 60 минуттан 25 минутқа дейін 2 есеге қысқарды.