ҚР мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт ратификацияланды

Сенат депутаттары мемлекетаралық шартты ратификациялау туралы шешім қабылдады. «Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заң спикер Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыста қабылданды.

«Украина — Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара ынтымақтастық пен достыққа негізделген. Біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да белсенді дамуда. Екі ел екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі. Осыған байланысты бүгін қабылданған Заң құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жұмыс істейтін болады», — деді Сенат Төрағасы.

Шартта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек рәсімдері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту негіздері жазылған.

«Шартты ратификациялау қылмыс жасады деген күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге бағытталған іс жүргізу әрекеттерінің толық кешенін жүргізуге ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның құзыретті органдарына тікелей өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Осы Шартты ратификациялау Украина тарапымен қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты шарттардың толық пакетін қалыптастыруды аяқтады.

Сонымен қатар, Сенат отырысында депутаттар бірқатар сауалдар айтты. «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты мәселелер депутат Әли Бектаевтың сауалында баяндалған. Депутат Ақылбек Күрішбаевтың өтініші АӨК бойынша статистиканы жетілдіру мәселелеріне қатысты. Динар Нөкетаева сирек аурулары бар адамдарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету және уәкілетті орган тіркемей елге әкелінген дәрілік заттарды сатуды реттеу туралы сұрау салуды дайындады. Депутат Абдалы Нұралиев суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Ал сенатор Рысқали Әбдікеров «Кітапхана ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы сұрау салды. Депутат Сүйіндік Алдашевтың сауалы 2025 жылға дейінгі «Бейнеу-Шалқар» автомобиль жолының құрылысы мәселелеріне қатысты болды. Әлімжан Құртаевты мақта бағасын реттеу мәселелері қызықтырады.

Добавить комментарий