Қазақстанда экспорттық мәмілелер көлемі артуда. 2022 жылы көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 40,7%-ға өсіп, $84,8 млрд-қа жетті.
«Тауарлар экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 40,7%-ға өсіп, $84,8 млрд-қа жетті. Тауар экспорты тұрақты сыртқы сұраныспен және шикізатқа, атап айтқанда, мұнайға деген әлемдік бағаның жоғары деңгейімен қамтамасыз етілді. Сондықтан, мұнай мен газ конденсатының экспорты 50,9%-ға өсіп, $46,9 млрд құрады», — делінген Қазақстан Ұлттық банкінің сейсенбі күні таратқан хабарламасында.
Ақпарат бойынша, импорт 19,6%-ға артып, $49,7 млрд-қа жетті. Ең үлкен өсім аралық — 19,5% немесе $3,9 млрд және азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларында — 33% немесе $2,9 млрд болды.
Төлем балансының ағымдағы шоты $6,3 млрд профицитпен қалыптасты, делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шотының профициті $7,9 млрд болды. Осылайша, IV тоқсанда профицит қысқарды.
2022 жылы шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі 15,1%-ға немесе $3,4 млрд-қа өсіп, $26,3 млрд-ты құрады.