Қазақстан Ішкі істер министрлігі жеке меншік әуе компаниясында тінту жүргізілгенін растады.
Жедел-тергеу іс-шарасы қылмыстық іс шеңберінде жүргізілді.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс шеңберінде Алматыдағы FlyJet чартерлік авиакомпаниясының кеңсесінде тінту жүргізілгенін растады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«2 маусымда сотқа дейінгі тергеудің толықтылығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін Алматыдағы «FlyJet» ЖШС кеңсесінде сот санкциялаған тінту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Еске салайық, 5 маусымда қазақстандық БАҚ өкілдері әуе компанияның коммерциялық директоры Олег Щебякинге сілтеме жасай отырып, тінту жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған болатын. Бұл ретте, FlyJet өкілдері тәртіп сақшыларының әрекетін рейдерлік басып алу әрекеті деп бағалады.