Қазақстанда жаңа ережелер бекітілді, соған сәйкес жүргізушілер медициналық тексеруден өтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінде ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарды медициналық тексеруден өткізу, сондай-ақ жүргізушілерді қайта медициналық тексеруден өткізу қағидалары бекітілгені туралы хабарланды.
Үміткерлерді медициналық тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарда медициналық комиссия құрылады.
Комиссияның құрамын медициналық ұйымның басшысы бекітеді. Комиссия құрамына терапевт, окулист, оториноларинголог, медициналық психологпен (немесе психолог маманымен) психиатр, нарколог дәрігерлер кіреді.
Медициналық комиссияның штатында қажетті мамандар болмаған жағдайда комиссия құрамына медициналық ұйымдар басшыларының келісімі бойынша тиісті бейіндегі мамандар енгізіледі.
Комиссия төрағасы болып медициналық ұйым басшысының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары тағайындалады.
Үміткерлерді медициналық тексеру терапевт, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген мамандардың тексеруі қамтиды.
Сондай-ақ, флюорографиялық зерттеу соңғы 6 айда болмаған жағдайда өту, биологиялық ортаны психоактивті заттарды қолдану тұрғысынан зерттеу қажет.
Медициналық тексеру деректері амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі.
Наркологтың есебінде тұрған (немесе тұрмаған) адамдарды және зерттеу нәтижелері бойынша организмде психикалық белсенді заттар алмасу өнімдері бар адамдарды басқаруға жіберу туралы мәселені кемінде бір жылдан кейін қайта медициналық тексеріп-қарау мерзімін міндетті түрде көрсете отырып, мамандандырылған наркологиялық медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлік-консультациялық комиссиялары шешеді.
Үміткерлердің басқаруға жарамдылығы туралы қорытындыны әрбір маман өз бейіні бойынша жеке ұсынады.
Көлік құралын жүргізуге жарамды деп танылған адамдарға анықтама беріледі.
Көзілдірікпен басқаруға жарамды деп танылған адамдарға анықтамада «Қорытынды» деген сөзден кейін «Көзілдірік міндетті» деген белгі қойылады.
Қайта медициналық тексеру мынадай адамдар контингенті үшін жүргізіледі:
- жолаушыларды, қауіпті жүктерді тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;
- 65 жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;
- мүгедек-жүргізушілер;
- мас күйінде көлік жүргізгені үшін немесе механикалық көлік құралын басқаруды осындай күйдегі адамға бергені үшін құқығынан айырылған адамдар, немесе жүргізушінің мас күйінде болуын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін.
Бұл ретте қайта медициналық тексеру мынадай мерзімдерде жүргізіледі:
- жолаушыларды, қауіпті жүктерді тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері — әрбір үш жыл сайын, ал 50 жасқа толғандар — жыл сайын;
- 65 жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері және мүгедек жүргізушілер — әр екі жыл сайын.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.