ҚР-да зейнеткерлік жасын төмендету ұсынылды

Мәжіліс депутаты Александр Милютин Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету туралы ұсыныс жасады. Қазақстан Халық партиясы өкілінің пікірінше, әйелдер де, ерлер де 60 жасында зейнетке шығуы тиіс.

Мәжілісмен Қазақстан Халық партиясы бағдарламасының бір бағыты — әділ зейнетақы жүйесі екенін атап өтті.

«Біз қолданыстағы зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгерістерді қажет етеді деп есептейміз. Қазақстандықтардың көпшілігінің жалақысы аз болғандықтан жеткілікті зейнетақы жинақтары жоқ. Сондықтан партиямыз бұрын дәлелденген ынтымақтастық зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынып отыр.

Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі — азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау, оны еңбек жағдайларының күрделілігіне қарай есептеу керек. Азаматтың жынысына қарамастан, зейнеткерлікке шығу шегі 60 жасқа дейін төмендетілуі тиіс. Жұмыссыз жастар туралы күрделі сұрақ туындаған жағдайда, зейнеткерлік жасты біртіндеп арттыру мүлдем мағынасыз болып көрінеді, — деді Александр Милютин.

Депутат ең төменгі базалық зейнетақы тиісті жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстан Халық партиясы үкіметтен болашақ зейнеткерлерге қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру үшін тетіктер тізбесін кеңейтуге ұмтылатын болады. Лайықты қарттыққа деген құқық инфляцияны ескеріп қана қоймай, нақты тұтыну бағаларының өсу индексін, сондай-ақ жалақының өсу индексін ескере отырып, зейнетақыны жыл сайынғы индексациялау арқылы қолдау қажет», — деді депутат.

Ол премьер-министрден депутаттық сауалды қарауды және аталған мәселелер бойынша үкіметтің ұстанымын көрсетуді сұрады.

Қазір Қазақстанда ерлер үшін зейнеткерлік 63 жас, әйелдер үшін 60 жас. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады.

Добавить комментарий