Қазақстанда қызмет көрсету саласында вакцина салдырмаған қызметкерлерді анықтау үшін іс-шаралар жүргізілетін болады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті.
«Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Е. Қиясовтың баяндамасын тыңдағаннан кейін вице-премьер қабылданып жатқан шаралар елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететінін атап өтті», — делінген хабарламада.
Бүгінгі күні инфекциялық төсектердің толымдылығы 55%-ды, реанимациялық төсектердің жүктемесі 47%-ды құрайды. Дегенмен Е. Тоғжанов бірқатар өңірде, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында халықты вакцинамен қамту жұмысының белсенділігінің төмен екенін атап өтті.
«Сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Атырау және Қостанай облыстарында тұрғын үй аулаларын аралау арқылы халық арасында екпе жұмыстарының ұйымдастырылмағанын атап өтті. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары анықталған кемшіліктерді түзету бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды», — деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға 2021-2022 жылдарға арналған COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлерді анықтау жөніндегі мониторингтік топтардың іс-қимыл алгоритмін бекітуді тапсырды.