ҚР-да тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін

Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің пікірінше, Қазақстанда 2023 жылы жылжымайтын мүлік бағасының өсуі күтілуде.

Сарапшы құрылыс нарығына инфляция, теңге бағамының әлсіреуі, сондай-ақ Ресейге қатысты санкциялардың күшеюі қысым жасап жатқанын атап өтті, себебі импорттық материалдардың 42%-ы осы елден сатып алынады.

«Осыған байланысты біз I және II санаттағы (элиталық және бизнес класс) жылжымайтын мүліктің жыл ортасына қарай 10-12% қымбаттағанын көреміз. Бұл шамамен айына 2-3%-ды құрайды. ІІІ санаттағы тұрғын үй (комфорт класс) де бағасы шамалы өсуі мүмкін. IV санаттағы пәтерлер (эконом класс) шамамен 15%-ға арзандауы мүмкін, себебі қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмен, ал нарықтағы ұсыныстар жоғары. Мысалы, Алматының Түрксіб және Наурызбай аудандарында салынып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрі 450 мың теңге — бұл тым қымбат», — деп түсіндірді Мүсірепов.

Сарапшы қазақстандықтардың қаржылық мүмкіндіктерінің төмендеуіне және қолжетімді ипотеканың болмауына байланысты Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында тоқырау байқалатынын атап өтті. LS сұхбаттасушысының айтуынша, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының ұзартылуы жағдайға аздап әсер етеді. Қазіргі таңда қарыздың ең жоғары мөлшері қалаға байланысты 15-25 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа, аталған бағдарлама аясында пәтерлері бар адамдар өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсарта алмайды.

Сонымен қатар, Мүсірепов құрылыс компаниялары аталған ипотеканың ұзартылуына байланысты дүрбелең туғызуы мүмкін екенін, бұл да бағаның өсуіне түрткі болатынын атап өтті. Алыпсатарлық мүмкіндігін азайту үшін сарапшы үкіметке өңірлердің дамуына назар аударуға кеңес берді.

«Облыстардағы белсенділікті арттырып, онда көбірек жаңа үйлер салу қажет. Бұл халық саны көп ірі қалаларға ішкі көші-қон процесін азайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Добавить комментарий