Қазақстандық парламентарийлер заң тиісті жобасын мақұлдады, оған сәйкес операторларға нашар интернет үшін айыппұл салынады.
Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жанна Телпекбаеваның айтуынша, пандемия мен халықтың қашықтықтан жұмыс режиміне көшу кезеңінде көрсетілетін байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы артқан. Ол азаматтардың интернет сапасына қатысты шағымдары көбейгенін атап өтті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін нашар қызмет көрсеткені үшін айыппұл 100 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталап жасалған заңбұзушылыққа — 200 АЕК.
«Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заңбұзушылық дерегін мойындаған жағдайда 50%, яғни 50 немесе 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге құқылы. Көбінесе операторларға қосымша жабдық орнатқаннан гөрі айыппұлдың жарты көлемін төлеу ыңғайлырақ. Сайып келгенде байланыстағы барлық қолайсыздықтар оператор алдындағы өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді», — деп хабарлады Жанна Телпекбаева.
Депутат заң жобасы техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсету және интернетке қолжетімділік үшін операторлардың жауапкершілігін күшейтетінін мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Аталған құқық бұзушылық үшін әкімшілік айыппұл 1000 АЕК-ке дейін (3 063 000 теңге) және бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 1500 АЕК-ке дейін (4 594 500 теңге) көтеру азаматтардың жоғары сапалы байланыс пен интернетті алу құқығын қорғап, қызмет көрсету сапасы және операторлар арасында бәсекелестік үшін қосымша жағдайлар жасайды», — деді Жанна Телпекбаева.