Білім министрлігінің басшысы жаңа оқу жылында мектеп формасын кию міндетті емес екенін мәлімдеді.
Мектепке классикалық стильдегі киіммен келуге болады.
«Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды», — деп жазды министр Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.
Асхат Аймағамбетов көптеген аймақтарда карантиндік шектеулер қолданыста, кейбір қалаларда дүкендер жұмыс күндері ғана жұмыс істейді, сондықтан ведомство өкілдері сауда орталықтары мен дүкендерде ұзын-сонар кезек болуы мүмкін деп қауіптенетінін түсіндірді. Кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін
«Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім», — деді министр.
«Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әр түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды», — деп түйіндеді министр.