Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Министрлер кабинетінің отырысын өткізді, онда өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жоспарларды іске асыру мәселелері қаралды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Павлодар облысының әкімі А. Сқақов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев баяндама жасады.
Ағымдағы жылы Қазақстанда “ластаушы төлейді – түзейді“ қағидаты бекітілетін жаңа Экологиялық кодексті қабылдау жоспарлануда. Бұл реттеудің жаңа жүйесі шеңберінде өндіріске жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Жұртшылықпен экологиялық проблемаларды талқылау қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық жағдайды жақсарту бойынша өңірлік жол карталары бекітілді. Оларды іске асыру, озық технологияларды енгізу, жаңа экологиялық кодекс нормаларын орындау 2024 жылға қарай атмосфераның ластану индексін төмендетуге және жалпы елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
2025 жылға дейін ҚР-да орман алқабын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу жоспарлануда. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Тараз қалаларында қоқыс өңдеу зауыттарының 6 пилоттық жобасы іске қосылады, бұл 200 млрд теңгеден кем емес жеке инвестицияларды тартуға және қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесіне 30%-ға дейін қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Елдегі экологиялық ахуалды жақсарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған басым міндеттердің бірі болып табылады», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Экология министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұртшылықпен тұрақты кездесулер өткізе отырып, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталарының толық және уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр барлық рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою, сондай-ақ полигондардың таусылған ресурстарын жабу және қалпына келтіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бүгінде өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастырудың 3,5 мың объектісі жұмыс істейді, оның ішінде тек қана 620-сы (17,6%) оларға қойылатын талаптарға сәйкес келеді.
Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуді жеделдету және келесі жылдың басында оның жобасын үкіметке енгізу тапсырылды.