Қазақстанда балықтардың уылдырық шашу кезеңінде браконьерлікпен күреске бағытталған «Бекіре-2023» акциясы басталды.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілетін акция аясында құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының 1200-ден астам қызметкері тартылды, сондай-ақ Жайық өзенінің жағалауында бақылайтын 200-ден астам көлік құралдары мен 17 бейнекамера жұмыс істейді.
Өткен жылдардағы балық қорғау акциясының нәтижелері көктемгі науқан кезеңінде браконьерлік топтардың қызметі жандана түскенін көрсетеді. Атырау облысының аумағында өткен жылдың өзінде табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтың 950-ден астам жағдайы анықталды, сондықтан биыл табиғатты қорғау шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде.
Браконьерлікпен күресу үшін республикалық және облыстық тасжолдарда 47 жылжымалы мобильді бекет орнатылған.