Қазақстанның Қаржы министрлігі мемлекет бюджетіндегі тапшылықты жабу үшін, оның ішінде Ресейдің қор нарығында қазынашылық облигацияларды орналастыру есебінен $500 млн тарту ниетін мәлімдеді.
Республика 1, 7 және 11-ші сериялы облигацияларды сатып алуға инвесторлардан өтінімдер кітабын ашуды жоспарлап отыр. Ұсынылған бағалы қағаздардың жалпы көлемі 40 млрд рубльді құрайды (227 млрд теңгеден астам). Бұл туралы Интерфакс қаржы нарығындағы дереккөзге сілтеме жасап, хабарлады.
Ашылуы қыркүйектің екінші жартысына жоспарланған, ал купон мөлшерлемесі бойынша бағдар кейінірек жарияланады.
Ұйымдастырушылар — Газпромбанк, Мәскеу несие банкі, Росбанк және қазақстандық First Heartland Securities компаниясы. Ресей банкі Мәскеу биржасына орналастыру бойынша агент болады. Техникалық орналастыру да қыркүйектің екінші жартысына жоспарланған.
Бұған дейін РФ-да жалпы көлемі 170 млрд рубль болатын Қазақстан Республикасының 14 облигация шығарылымына рұқсат етілетіні хабарланған болатын. Бір облигацияның номиналы — 1 мың рубль. 1-4-ші шығарылымдардың айналым мерзімі — 3 жыл, 5-6-шы — 5 жыл, 7-10-шы — 7 жыл, 11-14-ші — 10 жыл.
Бұдан бұрын Қазақстан қаржы министрлігі хабарлағандай, мемлекет 2020 жылы бюджет тапшылығын жабу үшін ресейлік нарықта қазынашылық облигацияларды орналастыру арқылы $500 млн тартуға ниетті.
«Биылғы жылы біз ресейлік нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз, кемінде $500 млн сомаға баламалы облигациялар жоспарлап отырмыз. Неге Ресей нарығына? Себебі ставкалар төмен. Бұл ретте валюталық қауіп ең төмен», — деді ақпан айында журналистерге Әлихан Смайылов (Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі).
Қаржы ведомствосының жаңа басшысы Ерұлан Жамаубаев маусым айының ортасында республика сыртқы көздерден 400 млрд теңге тартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, қазір Қазақстанның ішкі нарығы мен ресей рублінің нарығы қарыз алу үшін ең тартымды болып табылады.
«Ресей рубль, қазақстандық теңгенің бағамымен көбірек үйлеседі. Сондықтан біз үшін ресейлік нарық неғұрлым тартымды болып табылады «, — деп түсіндірді ол.
Қазақстанның 2020 жылы «Мосбиржаға» шығуы туралы өткен жылдың соңында алғаш рет хабарланды. Бұл ретте, дереккөздер келіссөздер оңай жүріп жатпағанын атап өтті.
Бұл Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын «Мәскеу биржасында» дебюттік орналастыруы болады.
2 қыркүйектегі жағдай бойынша 1 рубль = 5,69 теңге.