Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС+ жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты.
«БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру» атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, осы маңызды іс-шараға шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.
«Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл Ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар», — деп атап өтті Президент.