Президент Тоқаев Қасиетті Тақтың басшылығын Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне қатысуға шақырды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қасиетті Тақ басшылығын Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне қатысуға шақырды. Тоқаев Ватиканда Қасиетті Тақтың Хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесу барысында дәйекті қолдауына алғыс білдіріп, Ватиканның діни сенімдер арасындағы байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент Рим Папасы Францисктің елімізге жасаған тарихи сапарының бейбітшілікті насихаттау, бірлікке шақыру тұрғысынан символдық мәні болғанын еске салып, бұл сапар тек Қазақстандағы католик қауымының ғана емес, өңірдегі басқа да дін өкілдерінің арасында кең қолдау тапқанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Қасиетті Тақпен білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ғалымдардың Ватикан кітапханасы мен Апостол архивіндегі тарихи материалдарды тегін зерттеуіне мүмкіндік бергені үшін архиепископ Пол Галлахерге ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті, өзара құрметті нығайту үшін этносаралық және конфессияаралық келісімге бейілді екенін тағы да растады.

 

Добавить комментарий