Президент Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады

Президент Қ.К.Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады

Рамазан айы аяқталғаннан кейін тойланатын мереке, биыл 2 мамырда атап өтіледі.

«Отыз күндік оразадан кейін келетін бұл мерекені халқымыз қашанда ерекше сезіммен, зор қуанышпен қарсы алады. Рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын Рамазан айын ұлықтап, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Ораза айт әр мұсылманның жүрегіне имандылық нұрын себеді. Жұртты жақсылық жасауға, қанағатшыл, қайырымды және кешірімді болуға үндейді. Біз халқымыздың осындай бірегей қасиеттерінің арқасында бірлігімізді бекемдеп келеміз. Исламның асыл құндылықтары Жаңа Қазақстанның да руханиятын өркендетуге септігін тигізері сөзсіз», — деп Ақорданың сайты Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын келтіреді.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады. Оның айтуынша, «айт» сөзі — «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту».

«Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын сәті. Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді. Раббымыз баршамыздың қуанышымызды арттырып, екі дүниеде де мерейімізді үстем еткей», — деп ҚМДБ сайты Бас мүфтидің құттықтауын келтіреді.

Добавить комментарий