Премьер-Министр Қазақстанда бағаның өсуін «қосымша табыс» деп атады

Қазақстанда ағымдағы жылдың басынан бері азық-түлік 17 пайыздан астамға қымбаттады. Бағаның өсуі тоқтамауда, бір жыл ішінде азық-түлік өнімдері 19.7%-ға қымбаттады.

Тек соңғы айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,8%-ға өсті.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бір айда пияз, қант және күріш қымбаттады. Сонымен қатар, ырыққабат, сәбіз және картоп бағасының төмендеуі байқалады. Бір айда азық-түлік бағасының ең жоғары өсуі Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстарында (1,3%) тіркелді.

««Біз өңірлердегі сауда субъектілерінің жалпы жағдайды пайдаланып, аса жоғары қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда-саттықтың барлық кезеңдерінде сауда үстеме бағалар бойынша мониторинг жүргізбесе, жағдай өзгермек емес», — деп мәлімдеді үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов.

Ол атап өткендей, соңғы айда баға орта есеппен 11,9%-ға өсті. Бір айда Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында бағаның ең жоғары өсуі тіркелген.

«Әріптестер, қантпен болған жағдайдың объективті сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай – жүргізілген жұмыстың шалалығының нәтижесі. Әкімдіктердің барлық мүмкіндіктері болды, олардың қатарында астықты жеткізу бойынша уақытылы келісім-шарттар жасасу тетігі бар. Өңірлер әкімдеріне оны тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін белсенді түрде пайдалануды тапсырамын. Осы мәселеде әр жұмысты уақытылы орындау маңызды екенін атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Ол бағаның өсу себептерінің бірі өндіруші мен түпкілікті тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі екенін айтты. Оларды анықтау үшін барлық өңірлерде арнайы комиссиялар құрылған.

«Өңірлер әкімдеріне аталған комиссиялардың жұмысын жандандыруды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және көтерме саудагерлермен тығыз жұмыс істеуді тапсырамын. Сондай-ақ жұмыстың формалды тәсілдерінен арыла отырып, сауда үстемесін асырып жібергені үшін бақылау және әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын күшейту қажет», — деді үкімет басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін барлық факторларды көрсететін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтынудың тиімді және өзекті теңгерімін ұсыну тапсырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің күзгі көкөністерді алдын ала келісім-шартқа отыруын қамтамасыз ету қажет.

Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен уақытылы толықтыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Сауда және интеграция министрлігіне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты күшейтуді және жалпы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін және баға өсуінің салдарымен емес, себептерімен күресуге бағытталған тамақ өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет», — деді Премьер-Министр.

Добавить комментарий