Польшада ресейлік азамат тыңшылық жасады деген күдікке ілінді

Польша мемлекеттік прокуратурасы ел аумағында тыңшылық жасады деген күдікке ілінген Ресей азаматы ұсталғанын жариялады.

Тиісті ақпарат сейсенбі күні ведомствоның ресми сайтында жарияланды.

«Гданьскідегі округтік прокуратураның Әскери істер жөніндегі басқармасы жүргізіп жатқан тергеу барысында әскери жандармерияның әскери қызметшілері Польшада тұрақты тұратын ресейлік азаматты ұстады. Әскери қарсы барлау қызметінің мәліметтері көрсеткендей, ол Ресей Федерациясы барлау қызметінің мүддесі үшін тыңшылық жасаған», — делінген мәлімдемеде. Хабарламада айтылғандай, ол әскери бөлімдер, олардың жабдықталуы мен штаттық кестесі туралы ақпарат жинаған.

Ұсталған азаматқа тыңшылық жасады деген айып тағылды. Қазір ол үш айға уақытша қамауға алынды. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Добавить комментарий